Ұлыстың Ұлы күні, берекенің бастауы, жыл басы – Наурыз мерекесі Озерный орта мектебінде аталып өтілді
Ұлыстың Ұлы күні, берекенің бастауы, жыл басы – Наурыз мерекесі Озерный орта мектебінде аталып өтілді. Бұл күні Тілеусай ауылы жанданып, шаттықтан шашу шашылды. Жақсылықтың жаршысы болған көктемнің шуақты мейрамын бәрі де асыға күтіп, ерекше құрмет көрсетеді. Жылдағы дәстүр жалғасын тауып, ауыл тұрғындары қуанышқа бөленді. Наурыз — жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, ауызбіршіліктің, бауырмалдықтың мерекесі. Біз үшін аса қадірлі Наурыз мейрамы еліміздің барша халықтары үшін ұлық мереке болып саналады. Іс-шара барысында «Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз» тақырыбымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ауыл молласы Смагулов Хайролла ата ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Ауыл тұрғындары арасында спорттық ойындардан жарыстар өтті. Жастар армрестлинг, гір көтеру, бел күресінен, арқан тартысудан бақ сынады. Наурыз көжеден дәм татып, мерекелiк бағдарламаны тамашалау үшін көрермендер көптеп жиналды.